«Ұлттық аграрлық ғылым Академиясы» РҚБ Қытай ғылым академиясының Шыңжаң Экология және география институтымен ғылыми әріптестікті дамыту туралы Меморандум жасасты. 


Бүгін Ұлттық аграрлық ғылым академиясының Президенті, Ұлттық ғылым академиясының академигі Тілектес Есполов және Қытай Ғылым академиясы Шыңжаң Экология және география институтының Бас директоры Чжан Юанминг бастаған ресми делегациясымен кездесті.
«Су қауіпсіздігі, су шаруашылығы, су үнемдеу технологиялары, құрғақшылықпен күрес, экология, ормандандыру, экономика және тұрақты даму бағыттары, АӨК кооперациясы, ауылдағы кіші және жеке кәсіпкерлікті дамыту, инженерия, кіші механизация, селекция және биотехнология, биоалуандықты сақтау  салаларында, біліктілікті арттыру бағдарламаларын бірлесіп атқару, жас ғалымдарды қолдау, тәжірибе алмасу бағыттары бойынша әріптестікті дамытуға дайынбыз», - деді Тілектес Есполов.
ҚХА Шыңжаң Экология және география институтының Бас директоры Чжан Юанминг   «Бір белдеу, бір жол» жоба аясында екі елдің ауылшаруашылығы академиялары арасындағы ынтымақтастықты дамытуға жаңа серпініс береді деп, аталған бағыттар бойынша әріптестікте жұмыс жасауға қызығушылық білдірді. Чжан Юанминг өз сөзінің соңында екіжақты талқыланған мәселелерді Қытай Ғылым академиясы басшыларының назарына жеткізетінін айтты.
Кездесуге Шыңжаң Экология және география институтының Бас директорының орынбасары Джилили Абудувайли, осы институттың Халықаралық байланыс департаментінің директоры Цяо Цзянфанг және Ұлттық аграрлық ғылым академиясының басшылары, «АӨК экономикасы және ауылдық аумақтарды дамыту Ғылыми-зерттеу институты» ғалымдары қатысты.
Сондай-ақ, Ұлттық аграрлық ғылым академиясы мен Шыңжаң Экология және география институты арасында өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.