Бүгін Алматы қаласындағы «Қазақ агроөнеркәсіптік кешені экономикасы және ауылдық аумақтарды дамыту ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-де «Аграрлық ғылымды және Қазақстан АӨК-ін ғылыми қамтамасыз етуді дамыту: теория, әдіснама, практика» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы («Қалиев оқулары – 1») аясында «АӨК экономикасы» секциялық отырысы өтті.
Іс-шараға еліміздің және шетелдің белгілі ғалымдары, аграрлық сала сарапшылары, ғылыми ұйымдар мен жоғары оқу орындарының өкілдері, жас ғалымдар, магистранттар мен докторанттар қатысты.
Конференцияның ашылуында Қазақстан Республикасының Ұлттық аграрлық ғылым академиясының президенті, экономика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА және ҚР ҰАҒА академигі Тілектес Исабайұлы Есполов сөз сөйледі.
Өз сөзінде Тілеқтес Есполов конференцияның көрнекті ғалым-экономист, экономика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА және ҚР ҰАҒА академигі Ғани Әлімұлы Қалиевтің рухына арналатынын атап өтті. Ол Ғани Қалиевтің аграрлық экономика ғылымының дамуына, ауыл шаруашылығы саласындағы реформаларға және агроөнеркәсіптік кешенді ғылыми тұрғыдан дамытуға зор үлес қосқанын айтты.
Сонымен қатар, академик Ғани Қалиевтің бүкіл ғылыми және қоғамдық қызметі ҚазАӨК экономикасы және ауылдық аумақтарды дамыту ғылыми-зерттеу институтымен тығыз байланысты болғаны, осы институтта аға ғылыми қызметкерден бастап директор қызметіне дейінгі жолдан өткені ерекше аталып өтті.
Тілектес Есполов өз сөзінде «Ғани Әлімұлы бастаған аграрлық ғылымды дамыту ісі бүгінде жалғасып келеді. Осы мақсатта Ұлттық аграрлық ғылым академиясы мен институт “Қалиев оқуларын” дәстүрлі түрде өткізу туралы шешім қабылдады» деп атап өтті.
Секциялық отырыс барысында азық-түлік қауіпсіздігі, ауыл шаруашылығы кооперациясы, агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыру, агросақтандыру, ауылдық аумақтарды дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіру мәселелері талқыланды.
Конференция қатысушылары Қазақстанның аграрлық секторының әлеуеті жоғары екенін атап өтіп, агроөнеркәсіптік кешенді жаңғырту, инновациялық технологияларды енгізу, қайта өңдеу өнеркәсібін дамыту және аграрлық ғылымды одан әрі күшейту қажеттігін айтты.
Секция жұмысының қорытындысы бойынша агроөнеркәсіптік кешенді тұрақты дамытуға, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және аграрлық саясаттың тиімділігін арттыруға бағытталған ұсыныстар қабылданды.
Announcement2026
