( 19.07.1938 - 12.03.2024 )

 

2024 жылы 12 наурызда (ұзақ мерзімді аурудан кейін) 86 жасында көрнекті саяси және қоғам қайраткері, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі, ҚР Ауыл шаруашылығы ғылым академиясының академигі, ҚР ғылымына еңбек сіңірген қайраткері, Ресей ғылым академиясының академигі, Украина аграрлық ғылым академиясының академигі, экономика ғылымдарының докторы, профессор, «Ауыл» Социал-демократиялық партиясының ұйымдастырушысы және алғашқы төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты (1999-2004), Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты (1990-1993)

 

ҚАЛИЕВ  ҒАНИ  АЛІМҰЛЫ

дүниеден озды

Академик Гани Әлімұлы Қалиев 1938 жылы 19 шілдеде Жамбыл облысы Шу ауданы Белбасар ауылында дүниеге келген. М. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін бітіргеннен кейін 1964-1967 жылдары сол университеттің аспирантурасында оқыды. Еңбек жолы Қазақ экономика және ауыл шаруашылығын ұйымдастыру ғылыми-зерттеу институтымен байланысты.

Қазақстанда осы бағыт бойынша зерттеу нәтижелерін теориялық негіздеу мен практикалық іске асыруда жетекші рөл экономика және ауыл шаруашылығын ұйымдастыру ҚазҒЗИ ғалымдарына тиесілі болды.

1984 жылдың қазанында Ленин атындағы Бүкілодақтық ауылшаруашылық ғылымдары Академиясының Президиумы Ғ. А. Қалиевті Қазақ қой шаруашылығы ғылыми-зерттеу технологиялық институтының директоры етіп тағайындайды.

Ғ. А. Қалиевтің ғылыми қызығушылықтары әрдайым АӨК экономикалық мәселелерін шешумен байланысты болды. Сондықтан ол баламалы негізде 1988 жылы Қазақ экономика және ауыл шаруашылығын ұйымдастыру ғылыми-зерттеу институтының директоры болып сайланады.

Институттың ғылыми зерттеу нысандары шаруашылық жүргізудің нарықтық механизмдерін енгізу, жеке-меншік мәселелері, жер қатынастары, ауыл шаруашылығы өнімінің нарығы және оны қайта өңдеу, ауылдың еңбек нарығы және әлеуметтік проблемалары, агросервисті ұйымдастыру және т. б. өзекті проблемаларды шешуге бағытталды.

Агроөнеркәсіптік кешенді ғылыми қамтамасыз етуді, ғылыми зерттеулердің тиімділігін арттыру және азық-түлік проблемасын шешуге ғылымның үлесін күшейту мақсатында Қазақ КСР Президентінің 1990 жылғы 14 желтоқсандағы Жарлығымен ВАСХНИЛ шығыс бөлімшесі мен республикалық және одақтық бағыныстағы ғылыми-зерттеу ұйымдарының базасында Қазақ ауыл шаруашылығы ғылымдары Академиясы құрылады. Оның алғашқы Президенті етіп ғылыми қоғам академик Ғ. А. Қалиевті сайлады. Осы кезеңде дарынды басшы ретінде Ғ.А.Қалиевтің таланты толығымен ашылды, ауыл шаруашылығы саласындағы маңызды мәселелердің шешімін табуға жаңа серпіліс берді.

Академия аграрлық бейіндегі жетекші ғылыми-зерттеу институттары мен тәжірибелік шаруашылықтарды біріктірді, 12 жаңа ҒЗИ құрылды және олардың саны 34-ке дейін өсті, оларды үйлестіру үшін Үкімет Ғ.А. Қалиевтің басшылығымен АӨК ведомствоаралық ғылыми-техникалық кеңесін құрды.        Ғ.А.Қалиевтің басшылық еткен жылдары Қазақ ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясы Аграрлық зерттеулердің іргелі-қолданбалы бағытын, Академияның ғылыми-зерттеу ұйымдарының аяқталған ғылыми әзірлемелерді іс жүзінде іске асыруға бағдарлануын күшейтті.

Ғ.А.Қалиевке тән азаматтығы мен патриотизмінің жоғары сезімі және жетекші аграрлық ғалымдары оны  Республикалық қоғамдық бірлестік ретінде Қазақ ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясын құрып бастамашы болуға шабыттандырды, бүгінде ол Академия Ұлттық аграрлық ғылым академиясы ретінде өз жұмысын нәтижелі жалғастырып келеді .

1990 жылы республиканың аграрлық бейіндегі ғылыми мекемелер оны Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты етіп сайлайды (1990-1993 жж.). Осы кезеңде ол нарықтық реформаның негізін қалаған көптеген бірінші буын заңдарының бастамашысы және бірлескен авторы, мемлекеттік актілер мен заңнамалық-құқықтық құжаттарды әзірлеу мен рецензиялауға белсенді қатысушы болды.

1991-1996 жылдары Ғ.А.Қалиев ҚазКСР Президенті жанындағы экономикалық сараптама комитетінің мүшесі, республиканың жоғары экономикалық кеңесінің мүшесі, ғылым және жоғары білім министрлігінің алқа мүшесі, Жоғары аттестаттау комиссиясы төралқасының мүшесі, Қазақстан Республикасының Ғылым, техника және білім саласындағы мемлекеттік сыйлықтары жөніндегі комиссиясы төралқасының жетекшісі болып сайланады.

1999 жылы Қазақ ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының аграршы-ғалымдарының жиналысында Ғ.А.Қалиев ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланды. 2000 жылдың қаңтарында «Ауыл» қазақстандық социал-демократиялық Партиясы» Қоғамдық бірлестігі құрылып, оның алғашқы төрағасы болып сайланды.

Кейінгі жылдары академик Ғ.А.Қалиев ғалым - саясаткер ретінде Республиканың әлеуметтік-экономикалық өміріндегі проблемаларды, қазіргі жағдайдағы аграрлық проблемаларды шешуді өз қызметінің басты мақсаты болды.

Көрнекті ғалым ретінде Ғ.А.Қалиев халықаралық конференцияларда Қазақстанның аграрлық ғылымын бірнеше рет жоғары мінбелерден баяндамалар жасады, Германия, Дания, Жаңа Зеландия, Америка Құрама Штаттарына, Ресей, Украина, Қырғызстан және басқа елдерге сапарында қазақстандық ауылшаруашылық ғылыми делегациялардың жетекшісі болды. 1994 жылы ол Теннеси қаласының және АҚШ-тың аттас мемлекетінің Құрметті азаматы болып сайланды.

Тұлғалы ғалым, қоғам және мемлекет қайраткері Ғ.А.Қалиевтің көп жылғы жемісті еңбегі Қазақстан Республикасының Үкіметтік наградаларымен лайықты бағаланды.

Ауыл шаруашылығы өндірісінің экономикасын дамытуға, агроөнеркәсіптік өндіріске ғылыми әзірлемелерді енгізуге, ғылыми-педагогикалық кадрларды даярлауға қосқан елеулі үлесі үшін «ҚазКСР ғылымының еңбек сіңірген қайраткері» атағы берілді, «Парасат» Орденімен (2001 ж.), «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен (2013 ж.), 3 дәрежелі «Барыс» Орденімен, Үкіметтік және ведомстволық наградаларымен марапатталған.

Ғ.А.Қалиевтің жетекшілігімен 15 докторлық және 30 кандидаттық диссертация қорғалды. Ол 400-ге жуық ғылыми еңбектер, оның ішінде 187 монография, кітаптар, ғылыми-әдістемелік және практикалық ұсыныстарды жариялады.

Ғылыми қоғам академик Ғ.А.Калиевті жоғары білімді ғалым экономист, кәсіби маман ретінде білді. Оның қағидаттылығы, жоғары жұмыс қабілеттілігі, танымының іргелі болуы, шығармашылық қасиеті оны қазақстандық зиялы қауым арасында көрнекті және тартымды тұлғаға айналдырды.

Академик Ғ.А.Қалиев өзінің кәсіби қызметі жылдарында отандық аграрлық ғылымды, экономикалық ойды дамытуға, еліміздің ғылыми-білім беру әлеуетін арттыруға зор үлес қосты.

Еліміздің ғылыми зиялы қауымы, ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының академиктері, ҚР Ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының ғалымдары және Қазақ АӨК Экономикасы және ауылдық аумақтарды дамыту Ғылыми-зерттеу институтының ұжымы атынан ардақты академик, ұлағатты ұстаз Ғани Әлімұлы Қалиевтің қайтыс болуына байланысты отбасына, туыстары мен жақындарына қайғыларына ортақтасып шын жүректен көңіл айтамыз. Иманы саламат болсын.

 

Ғылыми зиялы қауымы мен ғылымдағы әріптестері