Қазақстанның болашағын айқындайтын басты құқықтық құжат – жаңа Конституция жобасын талқылау ел дамуы үшін ерекше маңызға ие. Бұл құжат мемлекеттің стратегиялық бағытын, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, сондай-ақ қоғам мен билік арасындағы өзара сенімнің негізін айқындайды.

Осыған орай, ҚазАӨКЭжААДҒЗИ-де жаңа Конституция жобасына арналған талқылау өтті. Жиын барысында айтылған пікірлер мен ұсыныстарды институттың Басқарма төрағасы Есенбай Исламов білдірді.

Оның айтуынша, Конституция жобасын әзірлеу барысында 2000-нан астам ұсыныс келіп түскен. Барлық ұсыныстар жан-жақты қаралып, талданып, ашық форматта талқыланған. Бұл ретте «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаттары толық сақталып, қоғам тарапынан айтылған пікірлердің басым бөлігі ескерілген.

Есенбай Исламов жаңа Конституция жобасы елдің Ата заңы ретінде Қазақстанның болашақ даму жолын айқындайтынын атап өтті. Құжатта «Әділетті Қазақстан», «Адал азамат», «Еңбек адамы», адам құқықтарын қорғау және әр азаматқа тең мүмкіндік жасау сияқты құндылықтарға айрықша басымдық берілген.

Сондай-ақ ол «Құрылтай» ұғымының қазақ халқының тарихы мен мәдениетінде терең мәнге ие екенін айтып, бұл тетік халықтың үнін естуге және салихалы саясат жүргізуге бағытталған жаңа қоғамдық-саяси архитектураның маңызды бөлігі екенін жеткізді.

Басқарма төрағасының пікірінше, конституциялық реформаларды жүзеге асыруда зиялы қауым мен ғылыми қоғамдастықтың орны ерекше. Ал Халық кеңесі қоғамдық белсенділікті арттырып, әр азаматтың өз ойын ашық білдіруіне және оңтайлы шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, жаңа Конституция жобасында білім, ғылым және инновацияларды дамыту мен қолдау, тарихи құндылықтарды сақтау және дәріптеу мәселелері нақты көрініс тапқан. Бұл, оның сөзінше, ұлттық болмысты нығайтып, елдің ұзақмерзімді дамуына серпін береді.

Есенбай Исламов жаңа Конституция Қазақстанның әлемдік деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін арттыратынына сенім білдірді.