«Ауыл» партиясы Қазақ аграрлық ғылым академиясының ғылыми қауымдастығы өкілдерімен кездесуі өтті

 

10 тамыз 2026 жылы Қазақ экономика және ауылдық аумақтарды дамыту ғылыми-зерттеу институты базасында «Ауыл» партиясының төрағасы Қ. Айтуғановтың Қазақ аграрлық ғылым академиясының ғылыми қауымдастығы өкілдерімен кездесуі өтті.

Кездесу академик, «Ауыл» партиясының негізін қалаушылардың бірі Ғани Қалиевтің бюстіне гүл шоқтарын қою рәсімінен басталды. Іс-шараның дәл осы институтта өтуі символдық мәнге ие. Себебі Ғани Қалиев ұзақ жылдар бойы институтты басқарып, аграрлық ғылым мен ауылдың дамуына елеулі үлес қосқан және «Ауыл» партиясының негізін қалаушылардың бірі әрі оның идеологиялық бастамашысы болған.

Іс-шараға Қазақ аграрлық ғылым академиясының президенті Есполов Т.И., Қазақстанның жетекші ғалымдары Григорук В.В., Мейрман Г.Т., Чоманов О.Ч., Мизамбекова С.К., ғылыми-зерттеу институттарының қызметкерлері, жас ғалымдар, сондай-ақ Құрылтай депутаттығына кандидаттар мен олардың сенімді өкілдері қатысты.

Кездесуді академик Сатыбалдин А.А. жүргізіп, оның маңыздылығына тоқталды. Ол ғылыми қауымдастық пен қоғамның, оның ішінде ауыл шаруашылығы саласының дамуына мүдделі саяси күштердің өзара байланысын күшейтудің маңызын атап өтті.

Кездесу барысында «Ауыл» партиясының төрағасы Айтуғанов Қ.К. партияның сайлауалды бағдарламасымен таныстырды. Өз сөзінде ол бағдарламаның басты мақсаты халықтың, әсіресе ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру екенін атап өтті. Сонымен қатар бағдарламалық бастамаларды нақты заңнамалық тетіктер арқылы жүзеге асырып, ауыл үшін нақты өзгерістерге айналдыру қажеттігіне назар аударды.

Талқылау барысында аграрлық ғылымның қазіргі жағдайы, ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізу, ғылым мен бизнестің өзара байланысын нығайту және агроөнеркәсіптік кешенді ғылыми тұрғыдан қамтамасыз ету мәселелері көтерілді.

Жас ғалым, қауымдастырылған профессор Мұхаметов А.Е. ел тарапынан ғылымға қомақты қаржы бөлінгеніне қарамастан, ғылыми әзірлемелердің өндіріске шектеулі енгізілуіне байланысты ғылымнан қайтарымның әлі де жеткіліксіз екенін атап өтті. Сонымен қатар ол ғылыми ұйымдар мен коммерциялық құрылымдар арасындағы байланысты күшейту қажеттігіне тоқталды.

Академик Мейрман Г.Т. аграрлық ғылымды дамытудың бірыңғай стратегиясының қажеттігін атап өтті. Оның пікірінше, ғылыми ұйымдардың өзара байланысының жеткіліксіздігі салдарынан көптеген зерттеулер тар бағытта жүргізіледі. Ғалым осыған байланысты топырақ эрозиясы, өсімдіктердің ботаникалық құрамының жұтаңдануы және топырақ құнарлылығының төмендеуі секілді мәселелерді мысалға келтірді.

Академик Григорук В.В. аграрлық ғылымды қаржыландыру көлемі әлі де тиісті деңгейде емес екенін айтып, осының салдарынан бірқатар мәселелердің кешенді стратегиясыз, жекелеген бағыттар бойынша ғана шешіліп отырғанына назар аударды. Сонымен қатар ол азық-түлік қауіпсіздігі мәселесіне тоқталып, оның елдегі ғылымның дамуымен тығыз байланысты екенін атап өтті.

Қазақ аграрлық ғылым академиясының президенті, академик Есполов Т.И. Қазақстанның аграрлық ғылымын дамыту тұжырымдамасы Аграрлық ғылым академиясының ғалымдарының қатысуымен әзірленгенін хабарлады. Оның айтуынша, ендігі маңызды міндеттердің бірі – «Ауыл» партиясының өкілдері мен Қазақстанның жетекші аграрлық ғалымдарының қатысуымен бірлескен отырыс өткізіп, аталған Тұжырымдамада көзделген бағдарламалық шараларды талқылау және қабылдау.

Кездесу барысында қатысушылар өзара пікір алмасып, ғылыми және аграрлық саланың өзекті мәселелері бойынша ұсыныстарын білдіріп, қойылған сұрақтарға жауап берді.

Сонымен қатар іс-шара аясында Алматы қаласы бойынша өңірлік сайлауалды штабының жұмысымен танысу ұйымдастырылды.

Кездесу соңында қатысушылар академик, «Ауыл» партиясының негізін қалаушылардың бірі Қалиев Ғ.А.-ның бюстіне гүл шоқтарын қойып, ғалымның есіміне тағзым етті.

 

Announcement2026